38.3 C
Shymkent
23 июля, 2025
aspan

СЕМЕЙГЕ СЕРПІН: СЕМЕЙДЕ АЙНАЛМА ЖОЛ САЛЫНАДЫ

Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co. LTD» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй Семей қаласының айналасында айналма автожол салу туралы келісімге қол қойды.

Бұл жоба қазақстан-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде жүзеге асады және 2024 жылдың тамыз айында басталып, 2028 жылға дейін жалғасады. Жоба Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы аясында халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп жүзеге асырылатын басым бастамалар тізіміне енгізілген. Жаңа айналма жолдың салынуы Семей қаласындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Себебі Семей – негізгі көлік бағыттарының қиылысында орналасқан қала. Қаланың орталығындағы аспалы көпір арқылы жыл сайын шамамен 700 мың автокөлік өтеді. Облыс әкімі бұл өңір үшін аса маңызды жобаның дайындық жұмыстары басталып кеткенін атап өтті.

«Қол қойылған келісім аясында қазақстан-қытай консорциумы базасында 2024 жылдың тамыз-қыркүйек айларында жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді. Қазан-қараша айларында жолдың, көпірлер мен жолайырықтардың алдын ала жобасы жасалып, әкімдікпен келісілетін болады. Қараша-желтоқсан айларында жұмыс жоспары құрылып, құрылысқа дайындық кезеңдері бекітіледі. Осыдан кейін Семей қаласын айналып өтетін жолдың құрылысы басталады. Бұл келісім біздің елдер арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестікке негіз болады деп сенемін. Сондай-ақ бұл жоба Еуразия кеңістігіндегі халықаралық көлік дәліздерін дамытуға зор үлес қосады», – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде қытайлық компания өкілдері жұмысқа кірісуге дайын екендерін білдірді.

«Екі ел арасындағы достықтың арқасында біз Астанадағы LRT құрылысында да жұмыс істеудеміз. Біздің компания бұл жобаға өткен жылдан бері қатысып, оң нәтижелерге қол жеткізді. Семей қаласындағы айналма жол құрылысында да осы тәжірибені тиімді пайдаланамыз деп сенемін», – деді Чжоу Хайвэй.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫНДЫ ТОҚТАТТЫ

Телеарна ХанТВ

ЖЕҢІС КҮНІ МЕН ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КОНЦЕРТ ӨТТІ

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ӘЙЕЛДІ ҰРҒАН ЕР АДАМ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Телеарна ХанТВ