«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: «QAISA» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ОЙЫНДАРЫ ӨТТІ
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Шымкент қаласында жастарды отансүйгіштікке баулуға бағытталған маңызды шара – «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары ұйымдастырылды. Іс-шараны «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты өткізді.
Жобаның басты мақсаты – жас буынның бойында әскери-патриоттық рух қалыптастырып, олардың елге деген сүйіспеншілігін арттыру. Сонымен қатар, оқушыларға әскери қызмет пен сарбаз өмірінің қыр-сырын таныстыру көзделді.
Ойынға қаладағы 22 мектептен келген 110 оқушы қатысты. Олар 6506 әскери бөліміне қарасты Ақтас оқу-жаттығу полигонында түрлі кезеңдер бойынша өз ептіліктерін сынады. Атап айтқанда: «Сарбаз жолы» тактикалық кедергілер жолағы, мини-эстафета, снайперлік «Мерген ару» сайысы және «Рухты сарбаз» ұлттық ойындары сияқты бөлімдер бойынша жарысты.
Сайыс нәтижесінде үздіктер анықталып, жеңімпаздар диплом, медаль және Қарағанды қаласында өтетін республикалық «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының жолдамасына ие болды.
Марапаттау рәсіміне қатысқан «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев іс-шараның мән-маңызын ерекше атап өтті:
«Бүгінгі жас – ертеңгі ел қорғаны. Бұл ойындар – тек жарыс емес, нағыз тәрбиелік құрал. Жастарымызды Отанды сүюге, елді қорғауға дайын болуға баулу – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді ол.
Сондай-ақ, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, алдағы республикалық жарыстарда сәттілік тіледі:
«Шымкенттің намысын қорғайтын жас сарбаздарымызға зор сенім артамыз. Бұл – тек сайыс емес, үлкен рух пен жауапкершіліктің мектебі», – деді ол.
Жарыс нәтижесінде:
• 🥇 І орын – Алпамыс батыр атындағы №40 мектеп-гимназиясы
• 🥈 ІІ орын – №62 Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектебі
• 🥉 ІІІ орын – А.Назарбеков атындағы №87 жалпы орта мектебі иеленді.
Сонымен қатар, бірқатар қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды.
Айта кетейік, іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен қатысушылар алдағы уақытта Қарағанды қаласында өтетін республикалық ойындарда Шымкент қаласының намысын қорғайтын болады.