Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шымкентке келді. Іс-сапар аясында мегаполистегі бірқатар нысанды аралады. Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент әуежайының жаңа терминалымен танысты. Мемлекет басшысының қаланы дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған әуе айлағының құрылысына жеке инвестор 24 миллиард теңге қаражат жұмсаған.
Президентке Қазақстанның оңтүстігінде бірегей авиациялық хаб қалыптастыру өңірдегі әуе қатынасының бағыт санын 17-ден 59-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар еліне рейстер ашуға мүмкіндік беретіні жөнінде баяндалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы сауда-логистика орталығына барды. Президент стратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын орналасқан Almaar Logistics сауда-логистика орталығын аралап, нысанның жұмысымен танысты. Ел президенті сондай-ақ, «Shymkent City» шағын ауданына жақын маңдағы жаңа саябаққа барды. Аумағы 20 гектардан асатын паркте сейілдеуге және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Субұрқақты жасанды тоған, амфитеатр, ландшафтты аллеялар, воркаут және скейт алаңдары бар. Президент саябақ аумағында ағаш отырғызды. Қазіргі кезде Шымкентте адам басына шаққанда 4 шаршы метрге жуық жасыл желектен келеді екен. Экологиялық жағдайды жақсартып, қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін алдағы жылдары 1 миллион түптен астам ағаш көшеті отырғызылмақ. Шаһардағы 12 саябақты абаттандыру, сондай-ақ гүлзарларды, Қошқар ата өзенінің жағалауы мен арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы қоқыс полигонының орнында Экопарк құрылысы қолға алынды. Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айында пайдалануға берілген конгресс-холл ғимаратымен танысты. Президент тапсырмасына сәйкес бой көтерген бұл көрікті нысан бұқаралық мәдени іс-шаралар өткізуге арналған. Мұнда сондай-ақ қолөнершілердің орталығы мен шеберханалары орналасқан. Сондай-ақ іс сапар аясында Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Президент Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өтті.