Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде Халықаралық конференция өтті. Аталған іс-шара Қазақстанда аталып өтілетін Ғылым күніне орай ұйымдастырылды және білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Конференция жұмысына еліміздің түрлі жоғары оқу орындарының студенттері, профессорлар, ғылым кандидаттары мен докторлары, жетекші ғалымдар және оқытушылар құрамы қатысты. Сонымен қатар шетелдік сарапшылар мен сала мамандары да онлайн және офлайн форматта қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жиын барысында білім беру жүйесіндегі жаңа бағыттар, инженерия саласындағы заманауи тенденциялар, кәсіби құзыреттілікті дамыту, ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Қатысушылар білім мен ғылымдағы интеграциялық үдерістер, цифрлық технологиялардың енгізілуі, жасанды интеллект пен автоматтандырудың рөлі туралы ой қозғады.
Конференцияның басты мақсаты – білім мен инженерия салаларында тәжірибе алмасу, жаңа ғылыми идеяларды ортаға салу және қазіргі замандағы жаһандық үрдістерге сәйкес келетін инновациялық шешімдерді ұсыну. Бұл бағытта баяндамашылар нақты жобалар мен зерттеу нәтижелерін таныстырып, пікір алмасу алаңын құрды. Шара барысында бірнеше секциялық отырыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өз ғылыми еңбектерін қорғап, кәсіби тұрғыдан талдау жүргізді. Конференция соңында үздік баяндамалар мен жобалар марапатталып, сертификаттар табысталды.
Аталған халықаралық конференция ғылым мен білім салаларындағы байланыстарды нығайтып қана қоймай, жастардың ғылыми-зерттеу қызметіне деген қызығушылығын арттыруға да үлкен үлес қосты. Іс-шара болашақта халықаралық деңгейде жүзеге асырылатын жаңа жобаларға жол ашып, ғылыми ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам болмақ.