Шымкентте ішкі саясат және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сінің ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мектеп бітіруші түлектерге арналған «Мамандық таңдау – маңызды қадам» атты кездесу өтті. Жиын барысында жеке кәсіпкер, коуч-тренер Қанат Айдарбекұлы және М.Әуезов атындағы ОҚУ Кәсіпкерлік және серіктестік орталығының бас маманы Ақтөре Қалдыбекұлы мектеп түлектерімен тренинг жүргізіп, оқушыларды толғандырған сұрақтарына жауап берді. Сюжет көріңіз.
Мамандық таңдау- үлкен жауапкершілікті талап ететін үдеріс. Бүгінгі таңда белгілі бір мамандықты тәмәмдап, ол сала бойынша жұмыс жасайтындар саны аз. Кездесудің мақсаты да осы. Түлектерге өзін-өзі дамытуға және жеке кәсіп бастауға мотивация беру. Сонымен қатар еңбек нарығындағы трендтер мен кәсіпкерлік мүмкіндіктері туралы ақпараттармен бөлісу болды.
Тренинге қатысушы Аяулым Әлтұрған №2 Ә. Бөкейхан атындағы ЖОББМ 10 сынып оқушысы. Бала кезінен тіс дәрігері болуды армандаған. Тіпті ата-анасы да таңдаған мамандығына қарсы болмапты. Қазіргі кезде өзі таңдаған саласын жан-жақты зерттеп, жоғарғы оқу орнына түсу үшін дайындығын бастап кеткендігін айтады.
Кездесу барысында сарапшылар жастарға мамандық таңдау кезіндегі еңбек нарығындағы трендтер, кәсіпкерлікке алғашқы қадамдар және өз ісін бастау мүмкіндіктері туралы құнды ақпараттар берді. Сондай-ақ түлектерге сүйікті ісімен айналысудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Қатысушылар тек тыңдап қана қоймай, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды. Сонымен қатар, сергіту сәтінде қызықты ойындар ұйымдастырылып, кездесуге ерекше атмосфера сыйлады.