ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Кентаудағы «Қосқорған» су қоймасының жай-күйімен танысты. Аталған нысан маңында вице-премьерге су тасқынына қарсы іс-шаралар, ауыз сумен қамтамасыз ету, жылумен қамту, ұлттық жоба аясында желілерді жаңарту, электр энергиясы мен газбен қамту жұмыстары баяндалды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Қанат Бозымбаев су тасқынының алдын алу, су нысандарын реттеу жұмыстарын күшейтуді, жауапты мекеме басшыларына өз міндеттеріне мұқият болуды тапсырды.Өңірде «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспары бекітіліп, 39 іс-шара енгізілген. Қазіргі таңда 28 іс-шара толығымен аяқталып, қалған іс-шаралар бойынша жұмыстар жалғасуда.«2024-2025 жылғы күз-көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларын жүргізу» жоспары аясында 461 шақырым арықтар, жалпы ұзындығы 654 шақырымды құрайтын 165 канал, 30 шақырым дюбинг-өткелдер тазалаудан өткізілген. 9 өзеннің арнасы тазаланып, 5 шақырым канал бетондалды. Нәтижесінде 24 елді мекенде су басу қаупі сейілді. Су тасқынын алдын алу бойынша жоспардан тыс Бөген өзенінің 2,5 шақырымын, Боралдай өзенінің 3 шақырым арнасын түзету жұмыстары жүргізіліп, Ақбастау елді мекенінде 600 метр қашыртқы қазылды. Нәтижесінде 4 елді мекенде су басу қаупі сейілді. Сонымен бірге су қоймасы 7 420 гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етіп, «Кеңсай-Қосқорған — 2» су қоймасына ағын су жеткізеді. Наурыз — сәуір айларындағы тасқын сулар есебінен толтырылып, кейіннен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне босатылады. Су қойманың негізгі су көздері – Каратау бөктерінен келетін Байылдыр өзені мен Кентау шахтасының суы.