«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 6-механикаландырылған құрамасының шабуылдау батальонының ұйымдастыруымен Жамбыл облысы «Мәтібұлақ» полигонында бақылау ату жаттығулары өтті.Практикалық сабақ барысында БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік машинасының қару-жарағынан шартты қарсыластың сауытты техникасы мен тірі күштері жойылды.
Сабақ барысында әскери қызметшілер атыс даярлығы, жауынгерлік машинаның ұрыстық жиынтығын жартылай жүктеу, оқжатар мен таспаларды жабдықтау нормативтерін орындады.Мерзімді қызмет сарбаздарының тактикалық-арнайы дайындық дағдыларын пысықтап, ұрыс қимылдарына барынша жақын жағдайда штаттық қарудан ату машығын жетілдіру шараның басты мақсаты болған.
Әскери қызметшілер БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік машинасының штаттық қару-жарағынан шартты қарсыластың 1500 метр қашықтықтағы сауытты техникасы мен тірі күштерін имитациялайтын нысандарды жойды.
Аталған тәжірбиелік сабақтан өткен қатардағы жауынгерлердің бірі
Рахметолла ҚАЗТҰРҒАН. Ол өзіне берілген нысанды толық жойып жақсы нәтиже көрсеткен.
Әскери қызметшілер жауынгерлік дағдыларды ғана емес, нақты ұрыс жағдайында аман қалу тәсілдеріне де жаттықты. Атап айтқанда, қираған техникадан экипаждарды эвакуациялау және жараланған жауынгерлерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәжірибесін пысықтады.Жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейі әскери қызметшілердің өзара іс-қимыл жасау дағдылары мен нақты жауынгерлік жағдайда тактикалық тәсілдерді қолдану қабілетін көрсетті.Практикалық сабақтарға барлығы тоқсанға жуық әскери қызметші қатысты.