Шымкенттік оқушы зағип жандарға арналған құрылғы ойлап тапты. Жас өнертапқыштың аяққа тағатын шағын құрылғысы арнайы дыбыс жүйесі арқылы кедергілерді 1 метрден анықтап дабыл қағады. Яғни мүмкіндігі шектеулі жандардың кез-келген ортада қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
Физика және Химия бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Рақат Өмірбек “Вижн Ассистент” деп аталатын құрылғысын құрастыруды 2023 бастаған. Ол зағип жандардың күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарын көріп, өз жобасын осы жандардың өмірін жеңілдетуге арнаған. Ендігі мақсаты – құрылғыны жаппай өндіріске шығарып қосымша санын көбейту.
Рақат өзінің құрылғысымен түрлі ғылыми-техникалық байқауларға қатысып,жүлделі орындарға ие болған. Жоба мектептегі зертхана жағдайында жасалған. Рақат құрылғыны құрастыру барысында кабинеттегі бар құрылғылар мен материалдарды толық пайдаланған. Зертханада орналасқан жабдықтар, соның ішінде 3D принтері оның идеясын жүзеге асыруына мүмкіндік берген.
Қазіргі таңда қоғамға пайдасын тигізетін түрлі құрылғы құрастырумен айналысатын оқушылар саны күн сайын артып келеді.Аталған Зияткерлік мектепте жыл сайын шамамен 200-ден астам оқушы жобасын ұсынып, өз идеяларын жеке және команда арқылыда жүзеге асырып келеді.