-2.7 C
Shymkent
6 февраля, 2025
aspan

АИТВ ИНФЕКЦИЯСЫНА ҚАРСЫ ДӘРІЛЕР МӘСЕЛЕСІ: НАУҚАСТАР МЕН АТА-АНАЛАРДЫҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫ

Қазақстанда АИТВ, адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясын жұқтырған адамдарға үкімет тарапынан берілетін дәрілік препараттар мәселесі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, дәрілік препараттарды Қазақстанға жеткізіп отырған Ұлыбританиялық компания 2022 жылы өз өнімдерін елімізде патенттеуді тоқтату туралы ескерту жасаған. Алайда бұл туралы дәріні тұтынатын науқастар дер кезінде хабардар болмаған.

Министрлік қазіргі уақытта науқастарға осы дәрілердің орнын алмастыратын балама препараттарды ұсынып отыр. Бірақ бұл шешім науқастар мен олардың ата-аналары арасында алаңдаушылық пен наразылық тудырды. Олар жаңа препараттардың тиімділігі мен қауіпсіздігіне сенімсіздік танытып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіндегі олқылықтарға көңіл бөлуде.

Ата-аналар өз балаларының денсаулығына тікелей әсер ететін мұндай маңызды өзгерістер туралы алдын ала хабардар болмағанына қынжылыс білдіруде. Олардың айтуынша, дәрілік препараттар ауыстырылмас бұрын, жаңа дәрілердің тиімділігі туралы толыққанды ақпарат берілуі керек еді. Сонымен қатар, науқастар жаңа дәрілердің жанама әсерлері мен олардың бұрынғы дәрілермен салыстырғанда тиімділігі жайлы нақты мәлімет алмағанын айтып отыр.

Мәселені шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен қалалық басқарма мамандары пациенттермен ашық диалог жүргізіп, жаңа дәрілер туралы кең көлемді ақпарат беруге және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдауға уәде берді. Бұл жағдай дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы коммуникацияның қаншалықты маңызды екенін көрсетті. АИТВ инфекциясын жұқтырған науқастар үшін тұрақты және сапалы ем алу – өмір сүру сапасының негізгі кепілі. Сондықтан бұл мәселені шешу тек дәрі-дәрмекті жеткізушілер мен министрлікке ғана емес, бүкіл қоғамға маңызды.

Related posts

“SUNRISE CҮ” ЖШС-НІҢ МӘСЕЛЕСІ ОҢ ШЕШІМІН ТАБАТЫН БОЛДЫ

Телеарна ХанТВ

“СУ РЕСУРСТАРЫ – МАРКЕТИНГ” ЖШС-ІН МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Телеарна ХанТВ

«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Телеарна ХанТВ