«Мұғалім болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік қасиетін оқушы бойына дарыту. «Маған жақсы мұғалім бәрінен артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» (Ы. Алтынсарин) айтқандай келешек жас ұрпақтарға тәрбие бере отырып,оларды жаңа заман талабына сай етіп тәрбиелеу. Олармен бірге қуана білу, уақыт арнау,- дейді 2024 жылы «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» атанған Алтынкемер ауылындағы №55 «Жеңістің 50 жылдығы»жалпы білім беретін бастауыш сынып мұғалімі Айгуль Ануарқызы. Бұл нағыз ұстаздың жүректен шыққан, 30 жылдық тәжірибесінен түйген ойы.
Мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, үйрететін, білім нәрімен сусындататын жан. Мұғалім берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ сияқты. Сондықтан да ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы бас иеді. Ұстаз – білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана сияқты барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі деп айтар едім. Ұстаздар жайында Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», деген болатын. Міне, бүгінгі таңда мен өзімнен озған шәкірттерді тәрбиелеп келемін. «Мықты ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын», дейді мұғалім.
Еңбектің еленуі өнімді іс атқарып, қоғамға үлес қосып жатқаныңды сездіреді. Бұл да – мәртебе. «Биылғы оқу жылында «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» номинациясымен марапатталуым мен үшін үлкен мәртебе болды деп айта аламын. Менің 30 жылдық еңбегімнің нәтижесі деп түсінемін», дейді Айгул Ануарқызы