Түркістан облысы Сарыағаш ауданының білім бөлімі «Бала Қыран» ЖШС бөбекжай балабақшасына 2021 жылдың 24 желтоқсанында мемлекеттік білім беру тапсырысының тоқтатылғанына қарамастан білім бөлімі келісім шартқа тұрып, заңсыз ақша аударымдарын жасап келген. Ең сорақсы аудан аумағында орналасқан мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардан әр балаға 1 мың теңге откат алып келген көрінеді. Ал, оны беруден бас тартқан балабақшалардың қаржысын кешіктіріп, созбалаңға салып отырған. Біздегі дәлелденген ақпараттарға сүйенсек, «Бала Қыран» ЖШС-не 2023 жылы жалпы соммасы 40 млн астам қаржы аударылған. Ал, Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы Даулет Акатов аталған мәселеге қатысты зерделеу жүргізілетінін ести сала уакытша еңбекке жарамсыз парағын аштырып, жауапкершіліктен барынша қашуға тырысқан көрінеді. Ол аздай, бірқатар заңсыздықтарға жол берген Сарыағаш ауданның бас ұстазы тиісті басқармалар сұратқан құжаттарды да бермей отырған сыңайлы. Бюджет қаржысына қатысты бұл мәселе Түркістан облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандары назарына іліккен. Департамент тарапынан тиісті жұмыстар атқаруылда. Ал, телеарнамыздың түсірілім тобы бізге жеткен ақпараттарға байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы Даулет Акатовтан сұқбат алуға тырысты. Алайда, ауданның бас ұстазы сұқбат беруден бас тартып, ат тонын ала қашты.
Бұған дейін Түркістан облысы білім басқармасы тарапынан 1285 мемлекеттік тапсырыс орналастырылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізген. Нәтижесінде бала бақшалар тізімге енгізілмеген балаларды тізімдегі балалар ретінде көрсеткені, ұсынылған медициналық анықтамалары дұрыс емес секілді бірқатар заңсыздықтар анықталған. Олардың басым бөлігі осы Сарыағаш ауданына тиесілі. Аталған мәселені құзырлы орган өкілдеріне және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының назарына ұсынамыз!