Шымкент қаласы бойынша ауыл шаруашылығы саласында қарқынды даму байқалуда. 2024 жылы жалпы егіс көлемінің 26,5 мың гектарына түрлі дақылдар егіліп, 86,1 мың тонна өнім жиналды. Егіс алқаптарының құрылымына сәйкес: Дәнді дақылдар – 10,9 мың га; Көкөніс пен бақша – 3,1 мың га; Майлы дақылдар – 3,0 мың га егілді.
2024 жылы өнімділікті арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 911,0 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған, оның ішінде тыңайтқыштарға – 122 млн тг, тұқым шаруашылығына – 20 млн тг, пестицидтерге – 600 мың тг, ал жылыжай шаруашылығына – 767,8 млн тг бөлінді. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мақсатында көктемгі егіс жұмыстарына 35,9 тонна, күзгі егін жинау жұмыстарына дизель отыны бөлінді.
Қаланың мал шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Сондай-ақ, 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту мақсатында 4 ірі жоба жүзеге асырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесіде назардан тыс қалмады. Қалада 70-ке жуық сауда орындарында негізгі азық-түлік тауарлары нарық бағасынан төмен сатылуда. Бұл шаралар аясында: «Magnum», «Gramad» сауда желілері және шағын дүкендер қамтылды; Өндіруші кәсіпорындармен арнайы келісім-шарттар түзілді.
Бағаны қадағалау мақсатында 456 кәсіпкерлік субъектінің электронды шот-фактураларына талдау жүргізілді. 78 комиссия отырысы өткізіліп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылданды. Апта сайын қаланың 8 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері өткізіліп, 170-180 тонна тауар 10-15% төмен бағамен сатылды. 2024 жылы жануарлар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша 1 110 443 бас жануарға екпе егу жұмыстары жүргізілді. Кенелерге қарсы 3,9 млн ш.м. аумақта дезинфекция жұмыстары атқарылды. Қараусыз қалған 23 676 ит пен 4 010 мысық ауланып, ізгілік тәсілмен жансыздандырылды. Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария саласында атқарылып жатқан жүйелі шаралар болашақта өнімділікті арттыруға және тұрақты экономикалық дамуға септігін тигізбек.