Шымкентте кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы 2024 жылғы 10 айда атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер бойынша БАҚ өкілдеріне есеп берді. Кәсіпкерлікті дамыту аясында бірқатар кәсіпкерлердің маңызды жобалары іске асырылған. Алдағы уақытта кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа жобаларын іске асыру жоспарлануда.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов 2024 жылға жалпы 7 нысаналы индикатор белгіленгенін айтып,10 айлық есебін көрсетті.
Жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 805,1 млрд теңгені, мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 48,8 мың тоннаны құрады. Негізгі капиталға инвестицияларының көлемі 2019 жылдың сәйкес деңгейіне қарағанда 3,5 есеге өсті-деді.
Цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеуші өнеркәсіптегі ірі және орта кәсіпорындардың үлесі бойынша жылдық жоспар 13,3 пайыз болып белгіленген.Сондай-ақ Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 981 өнеркәсіптік кәсіпорын шоғырланған, оның ішінде 19– ірі, 46 – орта және 916 – шағын өндірістер.
2024 жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша қаланың бөлшек сауда көлемі 814,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 118,7% құрады.Жыл соңына дейін бөлшек сауда көлемін 940,2 млрд теңгеге жеткізу күтілуде.Аталған көрсеткішке жаңадан ашылатын сауда ойын-сауық орталықтарының, жаңа сауда нүктелері және базарларды модернизациялау жүргізу есебінен қол жеткізілетін болады.