Садақ ату халқымыздың байырғы дәстүрлерін дәріптейтін сондай-ақ жас ұрпақтың арасында ұлттық рухты нығайтатын спорт түрі. Шымкентте тәуелсіздік күніне орай «ҚАЗАҚТЫҢ ШЫН ЕСІМІ-ТӘУЕЛСІЗДІК» атты дәстүрлі садақ ату федерациясының ұйымдастыруымен садақ ату сайысының жасөспірімдер арасында ашық турнирі өтті. Жарыс ұйымдастырушысы әрі бас төреші Үсен Дүрімбетовтың сөзінше-мұндай дәстүрлі садақ ату жарыстары елімізде қарқынды дамып келеді. Себебі ата-бабаларымыздан мұра болып қалған, бұл спорт түрін әрмен қарай дамытып,халыққа үлгі етіп насихаттауымыз керек-дейді.
Шара «Қаратау» өнер мектебінде ұйымдастырылды. Турнирге Түркістан,Шымкент қалаларынан және Сайрам ауданынан 60 жас спортшы қатысты.Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай жарысқа түсті. Турнир жамбы және путаны 10-15-20 метрден дәл тигізу кезеңдерінен тұрды.
Садақ ату – ықлым заманнан келе жатқан ұлттық спорт түрі. Мұндай турнирлер жастарды тек спортқа ғана емес, қырағылыққа, жылдамдыққа, ширақтыққа шыңдайды.
«Тәуелсіздік» күні ерекше атап өтудің жарқын үлгісіне айналды. Іс-шара ұлттық құндылықтарды жаңғыртып қана қоймай, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырды.Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы жүлделер мен сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай турнирлерді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.