Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен Әл-фараби ауданы полиция департаменті сондай-ақ аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен нашақорлыққа жол жоқ атты есірткі жарнамасымен күресуге бағытталған акция өтті. Науқанның басты мақсаты қала тұрғындарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы, есірткі саудасына қарсы күрес жұмыстарын жүргізу.
«Есірткіге жол жоқ!» акциясы Әл-фараби ауданына қарасты аумақта ұйымдастырылды. Тиісті құзырлы органдардың өкілдері және халық қалаулылары бұл дертке қарсы қоғам жұмылуы тиіс деп есептейді. Өйткені, синтетикалық есірткіні пайдалану жастар арасында белең алуда. «Бұл алаңдататын жәйт» дейді акцияны ұйымдастырушылар. Статиститкаға жүгінсек, соңғы 3 жылда елімізде тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 10 есе көбейген, ал түрі 50 есе артқан.
Елімізде заңсыз есірткі саудасы өршіп барады. Алайда мамандар аталған заңсыздықты жою мақсатында бірқатар жұмыстарды атқарып келеді. Шараның мақсаты — адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған есірткінің зиянын түсіндіру. Саналы, салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, қоғамды осы мәселеге бейжай қарамай, қарсы күресуге бағыттау. Заман дамыған сайын есірткі сатудың жолдары да түрленіп барады. Мәселен, ғаламтор желісі қылмыстық топтар үшін қауіпсіз құралға айналған.
Науқан алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі есірткі жарнамасы мегаполисте бәсеңдер емес. Алайда салаға жауаптылардың мәліметінше, аталған бағытта жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.