Шымкент қаласының тұрғындары құжаттандыру терминалы арқылы төлқұжат пен жеке куәлікті өз бетінше рәсімдеуге өтініш бере алады. Жаңа цифрлық сервис өтініш берудің негізгі кезеңдерін оператордың көмегінсіз небәрі бес минут ішінде орындауға мүмкіндік береді.
Терминал қыркүйек айының соңында жұмысын бастаған AI-кеңседе орнатылған. Сервис іске қосылғалы бері шамамен 80 адам оның мүмкіндіктерін пайдаланып, төлқұжаттары мен жеке куәліктерін қайта рәсімдеуге өтініш берген.
Сервистің ерекшелігі – терминал бейнекамерамен және биометриялық сәйкестендіру жүйесімен жабдықталған. Бұл бөгде адамның атынан құжат рәсімдеуге жол бермейді.
Терминал арқылы құжаттарды тек қайта рәсімдеуге өтініш беруге болады. Төлқұжатты рәсімдеуге өтінішті кез келген уақытта тапсыруға болады. Сонымен қатар, терминал арқылы жеке куәлікті ауыстыруға оның жарамдылық мерзімі аяқталуына 30 күн қалғанда және мерзімі өткеннен кейін 10 күннен кешіктірмей өтініш беруге болады.
Өтініш беру процесі барынша жеңілдетілген. Өтініш беруші сол жерде өз бетінше суретке түсіп, құжатқа арналған қолтаңбасын қояды. Барлық нұсқалар бірден экранда көрсетіледі. Егер фотосурет немесе қолтаңба ұнамаса, оларды қайта жасап, ең қолайлы нұсқасын таңдауға болады.
Мемлекеттік бажды төлеу де терминал арқылы QR-код көмегімен жүзеге асырылады. Төлқұжат рәсімдеу құны – 34 600 теңге, 48 беттік төлқұжат – 51 900 теңге, ал жеке куәлік – 865 теңге.
Еске сала кетейік, қызмет көрсетудің стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні. Қосымша ақы төлеу арқылы құжатты рәсімдеу мерзімін 1 күннен 3 күнге дейін жеделдетуге болады. Дайын құжаттарды Байдібек би даңғылы, 362/7 мекенжайында орналасқан AI-кеңсенің дайын құжаттарды беру секторынан алуға болады.
