Толассыз жауған жаңбыр қала инфрақұрылымындағы мәселелерді тағы да айқын көрсетті. Көшелерді су басып, бірнеше шағынаудан жарықсыз қалды. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеуге көшті. Алайда Шымкент үшін мұндай жағдай жаңалық емес. Бұған дейінгі жылдары да нөсер жауыннан кейін қаланың бірқатар аумағын су басқан болатын.
10 қараша күні Шымкент қаласында ұзаққа созылған жаңбырдың салдары байқалды. Жауын суы жолдар мен тротуарларға жиналып, көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруын қиындатты. Қаланың кейбір бөліктерінде тұрғындар үлкен шалшықтарды кешіп өтуге мәжбүр болды. Кешкі уақытта жағдай одан әрі күрделеніп, бірнеше шағынауданда электр энергиясы өшті. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

«Оңтүстік Жарық Транзит» электрмен жабдықтау компаниясының мәліметінше, Жайлау, Тұран-2, Қызылжар және Ақниет шағынаудандарында электр жарығы сөнген. Аталған аумақтарға апаттық бригадалар жіберіліп, мамандар электр желілері мен жабдықтарын тексеруге, сондай-ақ анықталған ақауларды жоюға кіріскен.
Компания өкілдері қалпына келтіру жұмыстары жедел жүргізіліп жатқанын хабарлады. Дегенмен барлық тұрғын үйге электр энергиясын толық қашан беретіндері әзірге нақты айтылған жоқ.
Ал қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, арнайы бригадалар жаңбыр суын сорып шығару, нөсерлік кәріз жүйелерін, арықтар мен дренаждық арналарды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда қосымша күш пен арнайы техника жұмылдырылады.
Су жиналуы мүмкін проблемалық аумақтар тұрақты бақылауға алынған. Онда шамамен әр 15 минут сайын тексеру жұмыстары жүргізіледі. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, әкімдік өкілдері қарқынды жауын-шашын кезінде кейбір аумақтарда жаңбыр суының уақытша жиналуы табиғи құбылыс екенін атап өтті.

Әсіресе, су басу қаупі бар тоғыз аумақ бақылауда тұрған Тұран ауданына ерекше назар аударылған. Олардың қатарында Республика даңғылындағы тоннель, Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысы, Наурыз шағынауданындағы Жанкент көшесі және 112-орам бар.
Бұл аумақтарда суды бұру үшін сорғы қондырғылары тұрақты жұмыс істеп тұр. Қолайсыз ауа райының салдарын жоюға барлығы 35 қызметкер, бес ассенизаторлық көлік және төрт мотопомпа тартылған.
ЖАҢБЫР ҚАЙТАЛАНАДЫ, АЛ МӘСЕЛЕ ӘЛІ ШЕШІЛМЕГЕН
Алайда кезекті нөсер қала алдында бұрыннан көтеріліп келе жатқан маңызды сұрақты тағы да күн тәртібіне шығарды. Шымкент қалың жауын-шашынға қаншалықты дайын?
Қала тұрғындары мұндай көріністі бұған дейін де бірнеше рет көрген. Қатты жаңбырдан кейін көшелерді су басып, арықтар толып, жол бойында су жиналып, көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы қиындайды. Әр жолы коммуналдық қызметтер күшейтілген кезекшілікке көшіп, сорғы қондырғылары мен арнайы техниканы іске қосып, табиғаттың қолайсыз жағдайынан туындаған салдарды жоюға кіріседі.
Алайда мұндай жағдайлардың қайта-қайта қайталануы мәселенің жүйелі сипат алғанын аңғартады. Егер әрбір ұзаққа созылған жаңбырдан кейін қаланың жекелеген аудандарын су басатын болса, мәселе тек жауын-шашынның мөлшерінде ғана емес деген сөз. Мұнда нөсерлік кәріз жүйесінің жағдайы, су өткізу қабілеті, су бұру арналарының тиімділігі және қалалық инфрақұрылымның осындай жүктемеге дайындығы да маңызды рөл атқарады.
БҰЛ ӘЛІ БАСТАМАСЫ ҒАНА МА?
Қараша айындағы жауын-шашын алдағы қысқы маусым алдындағы алғашқы күрделі сынақ қана болуы мүмкін. Алда әлі бірнеше ай қолайсыз ауа райы күтіп тұр. Жаңбыр, қар, көктайғақ пен ауа температурасының күрт өзгеруі мегаполис тұрғындары үшін қосымша қиындықтар туғызуы ықтимал.
Мұндай жағдайда әр нөсерден кейін суды сорып шығарумен ғана шектелу жеткіліксіз. Қалаға су басу қаупі бар аумақтарды кешенді тексеру, нөсерлік кәріз желілерін жаңғырту, су бұру арналары мен арықтарды тазарту, сондай-ақ су үнемі жиналатын учаскелердегі мәселелерді түбегейлі шешу қажет.
Шымкент қарқынды дамып, аумағы кеңейіп, жаңа құрылыс нысандары көбейіп келеді. Алайда қаланың өсуімен бірге оның инфрақұрылымы да қатар дамуы тиіс. Әйтпесе, әрбір қатты жауын мегаполистің табиғат сынына дайындығын тағы да тексеретін жағдайға айнала бермек.
Ең басты сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр: қазіргі жағдай қаланың су басу мәселесін жүйелі түрде шешуге түрткі бола ма, әлде тұрғындар әрбір мол жауыннан кейін бұрынғы көріністі қайта-қайта көруге мәжбүр бола ма?
