24.3 C
Shymkent
16 октября, 2026
Ақпарат Бизнес Еңбек адамы Жаңалықтар Қоғам Саясат Саясат Түркістан Экономика

ҚМГ-Аэро америкалық National Airlines ұшақтарын отынмен қамтамасыз ете бастады

«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы) америкалық National Airlines компаниясымен әуе кемелерінің «қанатына» жанармай құю қызметін көрсету туралы шарт жасасты. Осы құжат аясындағы алғашқы рейс ретінде Гонконг – Түркістан – Амстердам бағыты бойынша қатынаған Boeing 777 жүк ұшағына биыл 16 қазанда Түркістан халықаралық әуежайында қызмет көрсетілді.

Келісім ҚМГ-Аэро жұмыс істейтін Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Түркістан әуежайларын қамтиды. Бұл тасымалдаушы компанияға еліміздің әр өңірінде бір жанармай жеткізушісінің қызметін пайдаланып, рейстерін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Орталық Азия арқылы ұзақ қашықтыққа жүк тасымалдайтын әуе компаниялары үшін жанармай сапасы мен оны жеткізу тұрақтылығы маңызды рөл атқарады. Американың ірі операторымен ынтымақтастық орнату – бұл шетел әуе компанияларына көрсетілетін қызметтердің географиясын кеңейтуге және қазақстандық әуежайлардың халықаралық жүк тасымалы нарығындағы позициясын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Түркістан халықаралық әуежайы жоғары стандарттарға сай заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған және еліміздің оңтүстігінде жүк көлемінің артуына байланысты оны өңдеуге қажетті барлық мүмкіндікке ие. Жаңа халықаралық әуе тасымалдаушыларын тарту өңірдің транзиттік әлеуетін арттырады.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында экономиканың көлік-логистика саласын дамыту және Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі сенімді авиациялық хаб ретіндегі рөлін нығайту жөніндегі жүйелі шаралар аясында жүргізілуде.
ҚМГ-Аэро халықаралық әуе компанияларымен серіктестікті кеңейтуді жалғастырады. Қазіргі уақытта ҚазМұнайГаздың еншілес ұйымы 50-ге жуық шетелдік әуе тасымалдаушысына қызмет көрсетіп келеді.
Анықтама:
National Airlines – штаб-пәтері Орландо қаласында орналасқан (Флорида штаты) америкалық әуе компаниясы. Ол жүк және жолаушыларға арналған чартерлік рейстерді орындаумен айналысады. Әуе паркінде Boeing 747 және Boeing 777 үлгісіндегі кең фюзеляжды жүк ұшақтары бар. Компания коммерциялық, ірі көлемді және арнайы жүктерді тасымалдайды.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Apple екі миллиард еуроға жуық айыппұл салды

admin

Досаев құны 475 миллион болатын жер сілкінісі туралы хабарлаудың жаңа жүйесі туралы айтты

admin

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА