15.3 C
Shymkent
1 октября, 2026
Әлем жаңалықтары Әлем жаңалықтары Білім байлық Жаңалықтар Қоғам Түркістан

ТҮРКІСТАНДЫҚ МҰҒАЛІМ «MUGALIM» ДЕРЕКТІ ФИЛЬМІНІҢ КЕЙІПКЕРІ АТАНДЫ

Түркістан облысында бастауыш сынып мұғалімі Ақсәуле Жақыпбекова шахматты балалардың логикалық ойлауын дамытуға арналған тиімді құрал ретінде қолданады.

Ол шахмат элементтерін математика, сауат ашу сабақтарымен байланыстырып, білімді ойын арқылы меңгертеді. Педагогтің тың тәжірибесі отандық Bilim Group EdTech экожүйесі ұсынған «Mugalim» жобасы аясында көпшілікке таныстырылды.
Ақсәуле Жақыпбекова Түркістан облысына қарасты Шұбарағаш шағын жинақты бастауыш мектебінде сабақ береді. Оқу бағдарламасына «Шахмат негіздері» пәні енгізілгенде, мұғалім оны басқа сабақтармен байланыстыра отырып оқытуға кіріскен. Бастапқыда шахмат тақталары мен қажетті көрнекі құралдар жеткіліксіз болған. Балалардың толыққанды жаттығуына жағдай жасау үшін мұғалім қажетті жабдықтарды өз қаражатына алып, сыныпты біртіндеп жабдықтай бастаған. Ұстаздың айтуынша, шахмат баланы ойлануға, салыстыруға, бірнеше қадам алға жоспарлауға және шешім қабылдауға үйретеді.
– Шахматты ақыл-ойдың ойыны дейді. Ол баланың ойлау қабілетін, ақылын өте жақсы дамытады. Оған қоса, математика мен шахмат бір-бірімен өте жақсы үйлеседі. Сондықтан оқушыларға білімді жай ғана беріп қоймай, оның ойлау қабілетін дамытуымыз керек, – дейді Ақсәуле Жақыпбекова.
Сабақ барысында оқушылар шахмат фигураларымен танысып, олардың жүрісін үйренеді, ойын арқылы есеп шығарып, логикалық тапсырмаларды орындайды. Мұғалімнің айтуынша, балалардың қызығушылығы мектеппен ғана шектелмейді. Шахматқа әуестенген оқушылар үйде де ойнап, ата-аналарын ойынға тарта бастаған. Ол өз тәжірибесімен әріптестерімен де бөлісуде. Аудандық семинарларға қатысып, педагогтерге шахматты сабақта қолдану тәсілдерін көрсетіп келеді.
Ақсәуле Жақыпбекованың педагогикалық жолы туралы баяндайтын қысқаметражды деректі фильм «Mugalim» деректі сериясы аясында ұсынылған үш туындының бірі. Деректі фильмдер Bilim Group EdTech экожүйесінің бастамасымен компанияның 15 жылдық мерейтойына және Ұстаздар күніне орай түсірілген.
– 15 жыл бойы біз жайлы көбіне сандар сөйлеп келді: ондаған мың цифрлық сабақ, миллиондаған қолданушы мен миллиардтаған баға. Бірақ осы сандардың артында әрдайым қарапайым адамдар, ал ең бастысы мұғалімдер тұр. Еліміз олардың бейнесін көріп, үнін естісе екен деген толғаныс нәтижесінде «Mugalim» деректі сериясы пайда болды. Жұмыс барысында мені ең таңғалдырғаны – педагогтер қиындықтарын сирек сөз етіп, өз оқушылары мен оларға арналған мүмкіндіктер туралы көп айтқаны болды. Бұл бізді білім саласы үшін көбірек еңбек етуге итермелеп қана қоймай, мұғалімнің рөліне жаңаша қарауға мүмкіндік береді, – дейді Bilim Group бас директоры Александр Савченко.
Bilim Group – балабақшадан бастап кәсіби дамуға дейінгі барлық оқу жолын қамтитын кешенді шешімдерді дамытып келе жатқан ұлттық цифрлық экожүйесі. Bilim Group мемлекет пен мектептерге Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді әрі тұрақты оқытуды қамтамасыз етуге көмектеседі. Бүгінгі таңда экожүйе шешімдерін 5 миллионнан астам адам, 350 мыңнан астам педагог және 6 мыңнан астам мектеп пайдаланады.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Қытайда пара алған шенеунік өлім жазасына кесілді

admin

Ақтау командирі жаңадан шақырылғандарды табуреткамен және басынан таяқпен ұрды: оны кешірді

admin

Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға келді

Телеарна ХанТВ