Шымкент қаласындағы Қаратау ауданы жыл соңына дейін 100 пайызға табиғи газбен қамтылмақ. Қазір бұл көрсеткіш 99 пайызды құрап отыр. Бұл туралы ауданның бөлім басшысы мәлімдеді. Айтуынша, жоспарға сәйкес бірқатар ауқымды жұмыстар жүйелі түрде атқарылылуда.
Биылғы жылдың басты басымдығы – ауданның инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту — дейді жауаптылар. Осы мақсатта жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында қарқынды шаралар қолға алынған. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жандандырылып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде екен.
Аудандағы кәріз жүесін қамту көрсеткіші биыл 46 пайызды құраған. Ағымдағы жылы 5 елді-мекенді орталық кәріз жүйесіне қосу жоспарланған. Жыл соңына дейін жұмыстар аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, аудандағы 107 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7 елді-мекенде 31.5 шақырым аяқжолдар салынбақ. Ал ирригация бойынша, Аудан аумағында су басу және көлдеу қаупі бар 16 орынға ирригациялық жүйе салу көзделген. Бүгінгі таңда 13 орында жұмыстар толық аяқталып, қалған 3 нысанда құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Жауаптылар алдағы кезеңде де аталған жұмыстар жалғасын табатын болады деп сендірді. Бұл ретте, аудан аумағында қала әкімі тарапынан жүктелген тапсырмалар негізінде «мегаполис» мәртебесіне сай ауқымды жобалар мен бастамаларды іске асыру жоспарланып отыр. Инфрақұрылымды жақсарту, көгалдандыру, коммуналдық шаруашылықты дамыту сынды салаларда да ауқымды істер қолға алынатын алынады. Осылайша, ауданның инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, елді мекендердің дамуына серпін бермек.