5 жыл ішінде Қазақстанда 1 млн азаматты жасанды интеллект негіздеріне оқыту жоспарлануда. Еліміздің 20 жоғары оқу орнында тиісті білім беру бағдарламалары енгізілді. Жасанды интеллект қазірдің өзінде өмірдің барлық саласына еніп жатыр. Банктен бастап білім мен журналистикаға дейін – алгоритмдер мен автоматтандырылған жүйелер адамның орнын баса бастады. Бірақ бұл үрдіс жұмыссыздықты арттыра ма? Бұл сауалға Жасанды интеллекті және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Сенатта өткен брифинге барысында жауап берді.
Мысалы колл-орталықтарды алсақ. Бұрын ондаған оператор жұмыс істейтін орталықтарда бүгінде сөйлейтін роботтар қызмет көрсетеді. Ал ірі компаниялар есеп-қисапты, жоспарлауды да жасанды интеллектіге тапсырып жатыр. Мұндай өзгерістердің қарқыны қоғамда екі түрлі пікір тудырып отыр. Бірі – бұл тиімділік пен дамудың кепілі десе, енді бірі – жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздік оырн алады деп алаңдайды. Ал елімізде алдағы 5 жылда 2,5 млн адам осы проблемаға тап болуы мүмкін.
— Алдағы бес жылда 2,5 млн маман тәуекелге тап болуы мүмкін, себебі осы мамандықтар автоматтандырылуы ықтимал. Соның арасында 1 млн-ға жуық маманның жұмысы жасанды интеллектіні қолдану салдарынан автомандырылуы мүмкін. Бұл тұрғыда бізде тиісті жоспар бар, яғни 2029 жылдың соңына дейін Қазақстанда 1 млн адамды жасанды интеллект негіздеріне оқытамыз.
Жасанды интеллект бірқатар мамандықтарды ығыстырады. Бірақ сонымен бірге жаңа мамандықтар пайда болады. Мысалы, деректер талдаушысы, алгоритм дизайнері, этикалық AI сарапшысы деген мамандықтар. Сондықтан мәселе технологияда емес, адамның бейімделу қабілетінде –дейді сарапшылар. Алдағы он жылда еңбек нарығында сұраныс көбіне креативті және аналитикалық ойлау қабілеті бар адамдарға ауысады. Ал қарапайым механикалық жұмыс түрлері біртіндеп азаяды. Жасанды интеллект вице-министрі Дмитрий Мун қазірден бастап Қазақстан азаматтарында жасанды интеллект негізі бойынша білім алуына мүмкіндік бар екенін айтады.
— Еңбек министрлігі қай мамандықтар жойылуы мүмкін екенін бағалайды. Ал Жасанды интеллект министрлігі мен Ғылым министрлігі жаңа мамандықтарға қайта оқыту үшін тиісті курстарды даярлайды. Кейбір кәсіптер жойылғанымен, олардың орнына жаңалары келеді.
Яғни жасанды интеллект – қауіп емес, мүмкіндік. Бірақ ол мүмкіндікті пайдалану әр адамның өз қолында. Технология дамыған сайын басты талап – үнемі үйрену, жаңа дағдыларды меңгеру. Сенаттың жалпы отырысында «Жасанды интеллект туралы» Заңы мен ілеспе құжат қаралған еді. Сенаторлар құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске кері қайтарды.