Жетісу облысында бойжеткен аса ірі көлемде есірткі затын тасымалдау кезінде ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz. Жетісу облысында полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен Алматы қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Ол есірткі заттарын заңсыз тасымалдап жүрген.
Республикалық «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында түскен жедел ақпарат расталды. Тергеу дерегінше, күдікті 2025 жылдың 13–16 қыркүйегі аралығында психоактивті зат – мефедронды заңсыз сатып алып, сақтаған. Оның бір бөлігін өзі қолданса, қалғанын қасында алып жүрген. 16 қыркүйектен 17 қыркүйекке қараған түні бойжеткен Алматыдан таксимен Талдықорғанға бет алып, жанында 15 түйіншек есірткі затын ала шыққан. Алайда Текелі қаласына кіреберісте полицейлер оны дер кезінде қолға түсірді. Жеке тінту кезінде қара изолентамен оралған түйіншек табылды. Сонымен қатар сөмкесінен үш әйнек түтікше және қызыл түсті пластик түтік салынған «Marlboro» темекі қорабы анықталды. Бұл заттардың есірткіні тұтынуға арналғаны белгілі болды. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша күдіктінің қан құрамынан мефедрон, меткатинон, а-PVP және каннабиноид метаболиттері табылды. Сараптама тәркіленген заттың мефедрон екенін, яғни меткатинон психотроптық затының аналогы екенін көрсетті. Жалпы салмағы – 3,03 грамм. Заң бойынша бұл – аса ірі көлем. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол қамауға алынды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, есірткіні заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау және аса ірі көлемде тасымалдау үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл оқиға бір сәттік қателік пен зиянды әдет адамның тағдырын талқандауы мүмкін екендігін тағы да дәлелдеді. Полиция тұрғындарға ескертеді – есірткіге жол жоқ. Қысқа уақыттық «рахаттың» соңы ауыр зардаптарға алып келеді.