Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында “Әлеуметтік әмиян” жобасы пилоттық режимде іске қосылды. Жаңа жүйенің арқасында ата-аналар “ALAQAN MEKTEP” платформасы арқылы өз баласының мектептегі ас мәзірін көре алады. Сонымен қатар, олар баласының тамақтану тәртібін бақылап, тағам сапасы мен қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын қадағалауға мүмкіндік алады.
Бүгінге дейін аталған жоба Қазақстан бойынша 400-ден аса мектепте орнатылған. Жобаның басты ерекшелігі — бала алақанын қойып, асханада тамақтанғанын тіркейді. Осылайша ата-аналар “ALAQAN MEKTEP” жүйесі арқылы баласының тамақтану тәртібін қадағалай алады. Алақанды сканерлеу жүйесі мектептің кіре берісінде, кітапханада және асханада орнатылған. Ерекшелігі — құрылғылар интернетке тәуелсіз жұмыс істейді.
Бұндай жобаның енгізілуіне ата-аналар ерекше қуанышты. Олар балаларының мектептегі тамақтану процесін бақылап, ас мәзірі мен қызмет сапасы туралы нақты ақпарат алып отыра алады. Жаңа жүйе балалардың қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, ата-аналардың сенімін де нығайтты.
Мектеп басшылығының айтуынша, жаңа цифрлық жүйе жұмысты айтарлықтай жеңілдеткен. Оқушылардың тамақтану есебі автоматты түрде тіркеледі, қаржы қозғалысы толық бақыланады. Бұл — тек мектеп ұжымына ғана емес, ата-аналарға да үлкен көмек.
Алдағы уақытта “Әлеуметтік әмиян” жүйесі Шымкент қаласындағы басқа мектептерге де кезең-кезеңімен енгізілмек.Қазіргі таңда аталған мектепте 5-11 сынып аралығында 261 оқушы,қала әкімінің қаулысы негізінде бастауыш сыныпта оқитын 961 оқушы ыстық тамақпен қамтылған.