Шымкент қаласындағы №52 мектеп-лицей базасында «Абай оқулары» байқауының аудандық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара қалалық білім басқармасының Әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Айта кетейік аталған шара мегаполисте 5 ауданда өткізілген.
Байқау ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өткізілді. Мақсаты оқушылардың классикалық әдеби мұраға деген қызығушылығын арттырып, Абай шығармашылығы мен ұлттық рухани құндылықтарға деген құрметін тереңдету. Сайысқа қатысқан үздік оқушылар мен олардың жетекшілері арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шара барысында Абай шығармаларын насихаттаудың маңыздылығы айтылып, жас ұрпақтың рухани дамуына қосар үлесі атап өтілді.
Аянат Әуелбек №52 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы. Аталған шараға алғаш рет қатысып отыр. Айтуынша мақсат тек Абай өлеңдерін жатқа білу емес, түсініп, мән-мағынасын зерттеу. Сол арқылы тарихи құндылықтарымызды терең білуге мүмкіндік аламыз дейді.
Айта кетейік қала әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған шараға ақшалай жүлде қоры қарастырылған. Абай мұрасын дәріптеуге бағытталған бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ.