Мемлекет басшысы Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық бітімгерлік құрам сапында табысты қызмет атқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан офицерлермен және сарбаздармен кездесті. Президент елімізге жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып келген әскерилер ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсеткенін, сол арқылы Ұлттық армиямыздың, тұтас мемлекетіміздің беделі көтерілгенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысып, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан. Мемлекет басшысы олардың ішінде Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулар да бар екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген ел бітімгерлік күштерге қосылуға ұмтылатынына, бірақ бәріне бірдей сенім артыла бермейтініне назар аударды. Қазақстанға осындай мүмкіндік беріліп отырғанын, бұл ретте ұлттық армиямыз былтыр тағы бір тарихи қадам жасағанын айтты. Жоғарғы Бас қолбасшы сарбаздарды маңызды миссияларға даярлау ісіне айрықша назар аударды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде әскери қызметшілерді түрлі дағдыларға бейімдеп, оларды халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз ету үшін сапалы жұмыс атқарылды. Қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр. Болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтіп жатқан басқа да миссияларға қатысуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, Қазақстан жер жүзіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға белсенді түрде атсалыса бермек. Президент Қазақстан өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз ел болуға тиіс деп санайды. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шара қабылданып жатыр. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге жауынгерлік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін тағы да алғыс айтып, оларға тілекші болған жақындары мен отбасыларына ризашылығын білдірді. Бұдан кейін Мемлекет басшысы әскери борышын үлгілі атқарғаны, Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясын жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады.