aspan

Президент Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды.
Облыс әкімі ирригация нысандарын қайта қалпына келтіру үшін Ислам даму банкінен қаржы тартылып жатқаны жөнінде мәлімет берді. Қазіргі кезде 135,5 миллиард теңгеге 24 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Бұдан бөлек, Түркістан қаласын және жақын маңдағы 6 ауданды сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүргізіліп, «Боралдай» су қоймасының жобасы әзірленіп жатыр.

Нұралхан Көшеровтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында мақта, жүгері және ет кластерлерін дамытуға айрықша мән беріледі. Атап айтқанда, мақта-тоқыма кластерінде құны 197 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылмақ. Сонымен қатар Жүгері-сірне зауытының құрылысы басталып, Австралия тәжірибесіне сай ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту қолға алынды.

Бүгінгі таңда энергетика тапшылығын шешу мақсатында жалпы қуаты 2,4 ГВт-ты құрайтын 6 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар индустриялық аймақтарды қажетті инфрақұрылыммен қамту үшін тиісті жұмыстар атқарылады.

Нұралхан Көшеров биыл өңірде 32 мектеп салынып, 41 білім ошағына күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 32 нысан пайдалануға беріліп, 45 елді мекенге табиғи газ құбыры тартылуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың жаңа басшысына кеше қол қойылған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңда айқындалған міндеттерді сапалы жүзеге асыру үшін Үкіметпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды.

Сонымен қатар Президент облыс тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту, туризм, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік бағыттарын дамыту, елді мекендерді ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету міндеттерін жүктеді.

Related posts

2024 ЖЫЛЫ 149 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ИНТЕРНЕТ САПАСЫ ЖАҚСАРҒАН

Телеарна ХанТВ

«TAZA QAZAQSTAN»  ПЛАТФОРМАСЫ СӘТТІ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Телеарна ХанТВ

ШЫМКЕНТТІҢ ЖАС ӨНЕРПАЗДАРЫ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІН ЕРЕКШЕ АТАП ӨТТІ

Телеарна ХанТВ

Байланыс

Телефон нөміріңізді қалдырыңыз. Біз сізге жақын арада хабарласамыз!
Кері қоңырау шалу сұрауы жіберілді! Біз сізге жақын арада хабарласамыз.
Кері қоңырау шалу сұрауын жіберу қатесі! Қайталап көріңіз!
Write a email to us!
Email sent! We will contact you soon.
Error sending email! Please try again!