ҚР премьер министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Іс-сапар аясында мегаполистегі бірқатар маңызды нысандарды аралап салаға жауапты мердігер мекемелердің басшыларымен кездесті. Сонымен қатар қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһардың инфрақұрылымын жақсарту бағытында жасалып жатқан жұмыстардың басым бағыттарын да баяндады. Толығырақ алдағы бейнематериалда.
Арнайы жұмыс сапарымен келген вице-премьер Қанат Бозымбаев алдымен Шымкент қаласында орналасқан энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмыс барысымен танысты. Айта кетейік, ұйым қала әкімінің 2006 жылғы 5 қазандағы №40 шешімімен құрылған. Кәсіпорын жылумен жабдықтаушы ұйым болып табылады және қалалық жылу желілерінің 100% -ына қызмет көрсетеді. Мекеме қарамағында барлығы 411921 км құбыр жылу желілері бар.
Іс-сапар аясында Қанат Бозымбаев кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мұнда қазіргі таңда 1000-нан аса адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ вице-премьер мердігер мекеме жұмысының әл-ауқатын одан әрі күшейтуді тапсырды. Айтуынша мұндағы жұмыстарды әлі де ширату керек.
Бүгінгі таңда мекеме қаладағы барлық аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Яғни Тұран, Қаратау, Еңбекші және тағы да басқа аудандарды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қазіргі таңда қала екі жүз елу жеті шақырымға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жалпы жиналыста айтылғандай,атқарылған жұмыстар жетпіс пайыздың тозуын отыз жеті пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Іссапар барысында вице-премьер Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен және «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының өткізілу барысымен танысты. Кездесу кезінде ТЖД-ның дайындық деңгейі мен материалдық-техникалық базасын тексеру, су тасқынының алдын алу шаралары, сондай-ақ оқу-жаттығудың мақсаттары мен ұйымдастырылу мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, премьер-Министрдің орынбасары мегаполиске жұмыс сапары аясында салаға жауапты мамандарға жұмыстарды күшейтуді сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.