Павлодар облысына ҚР парламенті сенатының депутаттары жұмыс сапарымен келді. Сенаторлар өңірдің индустриалды нысандарын аралап, «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы глинозем алу цехының жұмыс үрдісімен танысып, «Павлодар мұнай-химия зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқару орталығына барды. Сондай-ақ, депутаттар Павлодар химия-механикалық колледжінде және жоғары түсті металлургия колледжінде болды.
Облыс әкімдігінде «Еңбек адамы — ұлттық экономиканың өсуі мен ұлттың өркендеуінің негізі» тақырыбында өтетін парламенттік тыңдауларға дайындық және Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті. Елімізде өткізіліп жатқан Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға қатысты мәселелерді талқылауға комитет мүшелері Айнұр Арғынбекова, Талғат Жүнісов, Алтынбек Нұхұлы, Әсем Рахметова, Руслан Рүстемов, Амангелді Толамисов, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен кәсіподақтар қатысты. Іс-шара ҚР Парламенті Сенаты комитетінің басшысы Нұртөре Жүсіптің төрағалығымен өтіп, ол негізгі мақсат — жұмысшылардың еңбек жағдайларын зерделеу, Павлодар облысында техникалық, орта кәсіптік білім беру жүйесінде мамандар даярлау екенін атап өтті. Кездесу барысында облыс әкімі Асайын Байханов жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру жөніндегі өңірлік кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыру туралы баяндады. Жалпы 3 бағытқа ерекше назар аударылды. Бірінші: колледждерді кезең-кезеңімен жаңғырту. Бұған облыстық бюджеттен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын жарақтандыруға және жаңғыртуға шамамен 500 млн теңге бағытталады. Екінші: жұмыс істейтін жастар қатарындағы студенттер үшін 100 млн теңгеге жаңа ынталандырушы сыйақылар мен гранттар тағайындау. Үшіншісі: жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және кәсіпорын қызметкерлерін ынталандыру. Өңір басшысы өңірдің 405 мың экономикалық белсенді халқының 60%-дан астамын жұмысшы мамандықтардың өкілдері иеленетінін атап өтті. Талдау көрсеткендей, алдағы жылдары жұмыс күшіне деген қажеттілік тек арта түседі. ҚР Парламенті Сенаты комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті.