Елімізде этнос балалары арасында қазақ тілін ілгерілетуге бағытталған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасы биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Тіл білімін, шығармашылық қабілеттерін және зияткерлік деңгейін дамытуға арналған бұл байқау елдегі қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықты арттыру мақсатында өткізіліп келеді.
Қазақ тілін меңгеруге арналған ағартушылық жобаға республика аумағында тұратын 600-ге жуық этнос балалары қатысып, ережеде көрсетілген талаптарға сай 4 бағыт бойынша өз өнерлерін ұсынды. Биылғы сайыстың қорытындысы бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген 10 бала жеңімпаз атанып, арнайы марапатқа ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба этнос өкілдерінің қазақ тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, елдегі тілдік ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал етеді.
Жоба аясында балалар қазақ тілінде өлең оқу, көркемсөз шеберлігі және өз өнерлерін көрсету сынды тапсырмаларды орындап, өзара сынға түсті. Қатысушылардың тілге деген ықыласы мен талпынысы әділқазылар алқасын таңқалдырды. Сондай-ақ, марапаттау рәсімінде жоба жеңімпаздарына дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталып, олардың тіл үйренудегі жетістіктері ерекше атап өтілді. Ұйымдастырушылар бұл шараның алдағы жылдары да жалғасын табатынын және қатысушылар санының арта түсетініне сенім білдірді.
«Мың жүйрік» – жастардың тілдік дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаң ғана емес, сонымен қатар олардың қазақ мәдениеті мен дәстүріне жақындауына ықпал ететін ерекше жоба. Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын іске асыру, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасуына ықпал ету, Қазақстандағы этнос өкілдері балаларының қазақ тілін білуге деген құлшынысын арттыру, сондай-ақ, балаларды қазақ тіліндегі ертегілермен таныс болуға, адамзат өркениетінде жарқын із қалдырған тұлғаларды танып-білуге, оларды жастайынан кәсіп таңдауға және өзі туып-өскен өлкесін таныстыруға баулу мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді