Шымкентте Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрында Ханбибі Есенқарақызының «Сендегі мені өшірме» поэтикалық толғауы қалың оқырманға жол тартты. Қойылымның баспасөз конференциясында ақынның шығармашылығы мен спектакльдің көркемдік жетекшілері қойылым туралы ақпарат берді.
Әділдігі мен өр мінезі үшін халық арасында «Хан қызындай Ханбибі» атанып кеткен Ханбибі Есенқарақызының қазақ поэзиясында алатын орны ерекше. Ақын баспасөз конференцияда бұл поэтикалық толғаудың 40 жыл бұрын жазылғанын айтты. Жазудағы мақсатын түсіндіре отырып,қазіргі таңда әлі де өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.Ханбибі Есенқарақызы бұл қойылымда «Жастарға ой саларлықтай дүние көрсетіледі деген сенімдемін».-деді.
Бұл қойылымда жастар арасында ажырасудың көбеюі мен қоғамдағы түрлі өзгерістердің әсері туралы ой қозғалды. Қазіргі жас отбасылардың алдында тұрған қиындықтар мен күресі, махаббат пен сатқындық, сезім мен сенім поэзия мен музыка тілінде сөйледі.Қойылым жарастығы жоғалған жас отбасыны толғандырған сұрақтарға жауап іздеп, жас отаудың күйін қашырған оқиғалар шеңберінде көрсетілді.
Қойылымның премьерасына келген халық саны өте көп.Басым көпшілігі жас отау құрған отбасылар мен студент жастар болды. Көрермендер қойылымнан үлкен ой түйіп,алған әсерлерімен бөлісті.Сонымен қатар Ханбибі Есенқарақызының шығармаларынан үзінділер оқылды. Көрермендер ақынның рухани әлемімен танысып, оның шығармашылығын тереңірек ұғынды.
Жалпы Ханбибі Есенқарақызының шығармалары –қазақ поэзиясының алтын қазынасы.Бүгінде «Сендегі мені өшірме» қойылымы көрермен жүрегіне жетіп, өз алғыстарын білдірді.Премьераға жиналған зиялы қауым өкілдері ақынның шығармашылығы мәңгілік жас ұрпаққа рухани азық болып қала беретіндігін айтты.