Түркістан облысында полицияға белгісіз адамнан қоңырау келіп түсті.Жетісай ауданы оқу орындарының бірінде жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарланған. Оқиға орнына шұғыл түрде арнайы қызметтер шығып, оқушылар мен мектеп әкімшілігін эвакуациялады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысының полицейлері жарылғыш құрылғы туралы хабарлаған кәмелетке толмаған 11 сынып оқушысының жеке басын анықтады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде.Естеріңізге сала кетейік, терроризм актісі туралы жалған хабарлағаны үшін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған.
Сондай-ақ 14 жасқа толған адамдар бұл қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.Полиция мектеп оқушыларына қатаң түрде ескертеді. Мұндай құқық бұзушылықтарға заңмен тыйым салынады.Сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық шығын өтелуі тиіс. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда, залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.