Қостанай облысында “Мал ұрлығы” операциясы аясында бір тәулікте 100-ге жуық құқық бұзушылық анықталды. Қостанай облысының полицейлері республикалық “Мал ұрлығы” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында мал жаю және тасымалдау тәртібін бұзған 100-ге жуық құқық бұзушылықты анықтап, жалпы сомасы 2,5 миллион теңгеге айыппұл салды.
Операцияға 300-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылып, мал мен етті тасымалдау, сондай-ақ жайылым ережелерін сақтамау фактілерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Аймақта құрылған 50 мобильді бекет жануарларды тасымалдау құжаттарының бар-жоғын тексеруде. Тексеру барысында құжатсыз мал мен етті тасымалдаудың 24 дерегі анықталып, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 1,8 миллион теңгеге айыппұл салынды. Мәселен, Әулиекөл – Жалдама автожолында Mercedes-Benz көлігі тоқтатылып, оның жүргізушісі тиісті құжаттары жоқ 23 жылқыны тасымалдағаны белгілі болды. Ұзынкөл ауданында да осындай жағдай тіркеліп, ГАЗ автокөлігінің жүргізушісі құжатсыз 4 ірі қараны тасымалдағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Мал жаю тәртібін бұзу бойынша 66 құқық бұзушылық анықталып, 730 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Алтынсарин ауданында қараусыз жүрген 30 жылқының иесіне әкімшілік жаза қолданылды. Операцияның тағы бір маңызды бағыты – бұрын жасалған қылмыстарды ашу. Жітіқара ауданында полицейлер мал базасында тіркелген үш қой ұрлығын ашып, азаматтық қару айналымының екі бұзушылығын анықтады. Әулиекөл ауданында мұрагерлік жолмен қалған қаруды заңсыз сақтаған тұрғыннан 1 бірлік қару тәркіленді.